Дарынды композитор, қазақтың біртуар ұлы Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні кез келген қазақтың жігерін жанып, жүрегіне мақтаныш ұялатады. Әннің алғашқы шумағы айтылған сәтте-ақ кіндік қаның тамған туған жерің, оның өткені мен бүгіні және ертеңі көз алдыңа келіп, онымен біртұтас байланыста екеніңді еске түсіреді.
Тарихи деректерге жүгінсек, «Менің Қазақстаным» әнінің алғашқы нұсқасы 1956 жылы 25 қазанда жазылған екен. Келесі жылы осынау әннің жарыққа шыққанына 70 жыл толмақ. Әнді шығарған кезде Шәмші аға 25 жаста, ал, әннің сөзін жазған ақын Жұмекен Нәжімеденов 21 жаста екен. Ән алғаш рет Жамал Омарованың орындауында Қазақ радиосына жазылып, халық арасына лезде тарап кетеді.
Сол жылы күзде Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденов Алматының орталық алаңында өтіп жатқан Ұлы Қазан революциясы күніне арналған мерекелік жиында кездесіп қалады. Дәл сол кезеңде ел ішінде Қазақстанның теріскейдегі бес облысын Ресей федерациясының құрамына қосып жібереді екен деген әңгіме желдей есіп тұрған. Елдің еңсесі езілген күндер еді… Бәлкім екі талантты сол жерде Құдай кездестірген шығар-ау… Аз-кем әңгімелескен екеуі осындай сәтте халықтың рухын көтеретін бір әннің жетіспей тұрғанын сезінеді. Сөйтіп, Шәмші мен Жұмекен мерекелік шерудің аяқталуын күтпей, ақынның Тастақтағы жалдамалы пәтеріне келеді. Бірнеше сағат ішінде Шәмші жаңа әннің әуенін шығарады да, Жұмекен сол әнге екі түрлі мәтін жазады. Екеуі ақылдасып, екі мәтіннің біреуіне тоқтайды. Бірі әнін, бірі сөзін жазған «Менің Қазақстаным» әні өмірге осылай келген еді.
Қазақстан Республикасының алғашқы Әнұранының музыкасын өткен ғасырдың 40-шы жылдары композиторлар Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди жазған болатын. Еліміз тәуелсіздік алған соң Әнұран музыкасын сол қалпында қалдырып, сөздерін Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева сынды ақындар қайтадан жазып шықты. Бірақ, айтылуы қиындау, мәтіні бүгінгі күннің талабын қамти алмағандықтан, ол дүние елден қолдау тауып кете қоймады. Есесіне, «Менің Қазақстаным» әні халықтың көңілін аударып, рухын асқақтата берді. Себебі, әнді Жамал Омарова, содан кейін Сара Тыныштығұлова орындаған кезде залдағы көрермендер отырған орындарынан тұрып, қосыла шырқап, рухани қуат алатын еді. Бұл ән той-думандарда да осы мәтінмен айтылып жүрді. Халықтың әнге деген осындай ықыласын сезінген қазақ билігі 2006 жылы 6 қаңтарда «Менің Қазақстаным» әнін Қазақстанның Әнұраны етіп қабылдады. Оны бүкіл Қазақстан халқы аса зор қуанышпен қарсы алды.
Дегенмен, «Менің Қазақстаным» мәтінінің алғашқы нұсқасын кейінгі буын біле бермеуі мүмкін. Сондықтан оны оқырмандар назарына бір ұсынып қойғанды жөн көрдік.
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Думанды бастады,
Далама қарашы!
Кең екен жер деген,
Жерге дән шықты ғой.
Дән егіп терлеген
Қазағым мықты ғой!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің — Қазақстаным!
Сағымды далам бар,
Сабырлы көлім бар.
Қараңдар, жараңдар,
Осындай елім бар.
Қарсы алған уақытты
Ежелгі досындай,
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің — Қазақстаным!
