АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуде дипломатиялық протоколды сақтамады деген айыпқа ілікті. Бұл туралы Reuters агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Мәліметке сәйкес, жылжымайтын мүлік саласындағы кәсіпкер әрі дипломатиялық тәжірибесі жоқ Уиткофф кездесуге АҚШ Мемлекеттік департаментінің стенографисін ертіп бармаған. Осыған байланысты Путиннің нақты ұсыныстары жазбаша түрде тіркелмей қалған.
Еуропа мен АҚШ-тағы бірқатар шенеуніктердің айтуынша, 7 тамыздағы телефон арқылы өткен келіссөзден кейін еуропалық лидерлер америкалық әріптестерінен Путиннің Уиткоффқа нақты не айтқанын анықтауға тырысқан. Сондай-ақ дереккөздер Трамп әкімшілігіндегі кейбір жоғары лауазымды тұлғалардың, соның ішінде Украина жөніндегі арнайы өкіл Кит Келлог пен Мемлекеттік хатшы Марко Рубионың, кездесу барысындағы кейбір жайттардан хабарсыз болғанын атап өткен.
Бұған дейін Стив Уиткофф Владимир Путиннің Украинадағы қақтығысты реттеу мәселесіне қатысты ұстанымын жариялаған еді. Оның сөзінше, Ресей президенті келіссөз барысында Украинада бейбітшілік орнауын қалайтынын жеткізген. Сонымен бірге Уиткофф украин дағдарысын «өте күрделі» деп атап, Дональд Трамп бұл мәселені шешуге ниетті екенін атап өтті.
