Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігі Ресейдің елшісі Андрей Келинді ведомствоға шақырту туралы шешім қабылдады. Бұл қадам 28 тамызға қараған түні Ресей қарулы күштері Киев пен оның маңына жасаған зымырандық шабуылдан кейін жүзеге асырылып отыр.
Британ тарапының мәліметінше, соққы салдарынан Британдық кеңес ғимараты зақымданған. «Киевке жасалған түнгі шабуыл кезінде Британдық кеңес ғимараты зардап шекті. Осыған байланысты Ресейдің Ұлыбританиядағы елшісі Сыртқы істер министрлігіне шақырылады», – деп хабарлады ведомство.
Ресми ақпарат бойынша, Киевтің Дарницкий, Днепровский, Соломенский, Шевченковский, Голосеевский, Оболонский және Деснянский аудандарында жарылыстар тіркелді. Жалпы қала аумағында 20-дан астам нысан бүлінген.
Еуропалық одақ тарапынан да мәлімдеме жасалды. Еуропалық комиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен Киевтегі ЕО өкілдігінің ғимараты соққыдан зардап шеккенін растады. Оның айтуынша, қызметкерлердің ешқайсысы жарақат алмаған. Сонымен бірге ол Ресейге барынша қысым көрсетуге дайын екендігін мәлімдеді.
Осыған орай ЕО Ресейдің ЕО жанындағы тұрақты өкілі Карен Малаянды шақырды. Ал ЕО-ның сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас Киевке жасалған шабуылды «бейбітшілікке бағытталған әрекеттерді жоққа шығару» деп бағалады.
Ол Ресейдің бұл қадамын эскалацияға әкелетін фактор ретінде атап өтіп, Украинадағы дағдарысты саяси жолмен шешу қажеттігін айтты.
