Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы келер жылы өтетін әлем чемпионатының іріктеу кезеңін аяқтады. Иә, қорытынды нәтиже көңіл қуантарлық емес. Бірақ, соңғы турдағы сенсация тек қазақ жанкүйерлерінің ғана емес, еуропалық футболсүйер қауымның да естерінен біраз уақытқа дейін шықпайды-ау…
Жастардың ерлігі
Қазақстан құрамасы соңғы турда топтың көшбасшысы әрі фавориті Бельгия құрамасын қабылдаған. Брюссельде өткен ойында бельгиялықтар біздің қақпаға жауапсыз алты гол салған еді. Астанада өткен қарымта матчта отандастарымыз жинақы өнер көрсетті. Алғашқы минуттардан қысым жасап, қарсыласты әбден саcтырған біздің футболшылар ойынның тоғызыншы минутында-ақ есеп ашты.
Неміс бундеслигасында ойнайтын Артур Теате жоқ жерден қара басып, қателесті. Одан допты ала қашқан 17 жасар Дастан Сәтпаев Матиас Селс қорғаған қақпаның саңылауын дәл тапты. Осылайша біздің жас вундеркинд әлем чемпионатының іріктеу турнирінде гол салған ең жас үш футболшының қатарына кірді. Айта кетерлік тағы бір жайт, Дастан гол салған Матиас Селс АПЛ-дің былтырғы маусымында «алтын қолғап» иеленіп, үздік қақпашы атанған. Әлемдегі үздік лиганың үздік қақпашысы атанған Селс бұл ойында нашар өнер көрсетті. Есесіне біздің 22 жасар қақпашымыз Темірлан Анарбеков өзінің мықтылығын тағы бір рет дәлелдеді. Осы ойында Темірлан қақпаға бағытталған 8 соққының жетеуіне тойтарыс берді. Тек екінші тайм басында Ванакеннің баспен бағыттаған соққысын қайтара алмады. Бұл гол қорғаушылардың позиция таңдау кезіндегі қателігінен болды. Одан кейін қорғаушылар да, қақпашы да қателескен жоқ. Тіпті, ойынның 78-минутында Ислам Чесноков алаңнан қуылып, біздің құрама он-ақ ойыншымен қалды. Соған қарамастан Талғат Байсуфинов шәкірттері тең есепті сақтап қалды.
БАҚ не деп жатыр?
Бельгияның атақты сайттарының бірі Voetbalkrant.com «Таңғажайып масқара: Бельгия құрамасы Қазақстанның 10 ойыншысын жеңе алмады» деген тақырыппен мақала жариялапты. Басылым онда Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфиновтың ойынға құрған жоспары толық ақталғанын айтып, Дастан Сәтпаевтың да таланты туралы сөз қозғапты. Сонымен қатар Кевин де Брюйнесіз Бельгия құрамасының ойынын қатты сынға алған. «Наполидің» жартылай қорғаушысы болмаса, Бельгия бұл топтан әлем чемпионатына шыға алмайтынын да тілге тиек етіпті. Мақала соңында Темірлан Анарбековтің ойыны да әңгіме өзегіне айналыпты. Алматылық «Қайрат» УЕФА чемпиондар лигасының алдағы турларында бельгиялық «Брюггемен» жолығады. Мақала авторы мұны да сөз етіп, «Брюгге» бапкерлерінің «құлағына алтын сырға» тағыпты.
RTBF деп аталатын футбол порталы «Қызыл сойқандардың» тісі сынды» деген мақала жариялады. Онда басылым азулы Бельгия құрамасының әлемнің 115-ші құрамасына тісін батыра алмағаны туралы айтқан екен. «Бірінші таймда Театенің қателігі мен Дастан Сәтпаевтың Винтерді алдап өтіп, Селсті қапы қалдырғанынан өзге оқиға болған жоқ. Оған қазақ қақпашысы Темірлан Анарбековтің сауатты ойыны себеп болды. Ол сейв үстіне сейв жасап, командасын голдан аман сақтап қалып отырды. Әйтпесе, Бельгия жасаған қысымға шыдас беру қорғаушыларға оңай емес-тін. Екінші таймда Ванакеннің голынан кейін ойын өзгерер деп ойлағанбыз. Бірақ, сол Анарбековтің керемет сейвтерінен, Докудың қазақ қорғаушыларынан өте алмауынан өзге ешнәрсе көрген жоқпыз. Командалар осы сценарийден ауытқыған жоқ. «Қызыл сойқандарға» ойыншы санының басымдығы да көмектеспеді. Ойынның 89-минуты тағдыршешті сәттердің бірі еді, бірақ, бұл жерде де Темірлан Анарбеков биіктен көрінді. Бельгия әлем чемпионатының жолдамасын Астанадан алып кетуі керек еді, бірақ, Қазақстан бұл жолы «сарандық танытты» деп жазады басылым.
Тағы бір спорттық портал La Libre «Бельгия «ұлы қазақ қорғанына» тап болды» деген мақала жариялаған. Онда «Дастан Сәтпаев өте жылдам гол салды. Одан кейін Қазақстан құрамасы тасқамал қорғанысқа көшті. Олар қорғанып қана қоймай, арагідік қарымта шабуылдарға да шығып тұрды. Ойынға қарап бельгиялықтар есепті теңестіреді дегеннен гөрі, Қазақстан екінші голын салады деу қисынды болар еді. Ал, қазақ қақпашысының ойыны, сөз жоқ, үздік деуге лайық. Ол ұлттық құрама жейдесін небәрі екінші рет киіп тұрса да, Еуропаның ТОП клубтарында ойнап жүрген қақпашылардай өнер көрсетті» деп жазады.
Федерацияның қателігі
Әлем чемпионатына іріктеу турнирі басталардың алдында ҚР футбол федерациясы құрама тізгінін отандық бапкер Әли Әлиевке ұстатқан. Біздің футбол функционерлерінің қателігі осы арадан басталған-ды. Иә, бюджеті аз петропавлдық «Қызылжармен» тәп-тәуір нәтиже көрсетіп жүрген Әли Әлиев ұлттық құрамаға бас бапкер болып тағайындалғанда үмітіміз оянғаны рас. Бірақ, Әли Ханәлиұлы ұлттық құраманы жаттықтырардай деңгейге жетпегені алғашқы ойында-ақ байқалды. Қыркүйек айында осы Бельгия құрамасынан сырт алаңда тас-талқан (6:0) болып жеңілгеннен кейін-ақ бас бапкер өз еркімен қызметінен кетті. Футболшы кезінде ел чемпионы атанған, ұлттық құрама сапында да біршама табыстарға жеткен Әли Әлиевті жата кеп сынаудан аулақпыз. Бірақ, бапкер ретіндегі деңгейінің әлі төмен екенін мойындауымыз керек.
Осылайша Қазақстан құрамасы ірі турнирлерге іріктеу циклінің тағы біреуін босқа жіберді. Өзбекстан, Иордания, Кабо-Верде Кюрасао, Гаити секілді құрамалар дебют жасайтын мундиальді біз теледидардан тамашалаймыз. Әлі бұл тізімге Мозамбик, Танзания, Намибия, Габон, Буркина-Фасо, Руанда, Комор аралдары, Никарагуа, Гватамела, Суринам, секілді экзотикалық елдер қосылуы мүмкін.
Еуропалық бапкер керек пе?
Ұлттық құрама бас бапкерсіз қалғанда польшалық Михал Пробежбен келіссөздер жүріп жатыр деген әңгіме шыққан. Ол осыған дейін өз еліндегі бірқатар клубты жаттықтырған. Содан кейін алдымен Польша жастар құрамасын, одан соң Польша ұлттық құрамасын баптаған.
Бізге еуропалық бапкер керек пе? Жоқ! Бұл сөзімізге Әли Әлиев қызметінен кеткен соң құрама тізгінін уақытша ұстаған Талғат Байсуфиновтың нәтижесі дәлел бола алады. Талғат Маруанұлы жаттықтырған құрама Лихтенштейнді 4:0 есебімен жеңсе, Солтүстік Македониямен сырт алаңда тең (1:1) ойнады. Соңғы турдағы бельгиялықтарға қарсы ерлігін айттық.
Жалпы, Еуропадан бапкер алдырудың керегі жоқ деуімізге себеп бұл ғана емес. Тәуелсіздік алғалы бері ұлттық құраманы 23 бапкер жаттықтырған екен. Олардың ішінде отандық бапкерлерден өзге Ресей, Германия, Польша, Чехия, Нидерланд, Болгария елдерінің өкілдері бар. Шетелден келген бапкерлердің арасында ерекше нәтижелерімен көзге түскендері деп ресейлік Магоммед Адиев пен болгариялық Станимир Стойловты ғана айта аламыз. Иә, бұлар – шетелдік бапкерлер. Бірақ, бұл екеуінің қазақстандық футболдан хабары бар болатын. Станимир Стойлов «Астананы», Магоммед Адиев қарағандылық «Шахтерді» жаттықтырып жүріп, ұлттық құрамаға тағайындалған. Ал, ұлттық құрама сапында өнер көрсететін футболшылардың дені жергілікті чемпионатта ойнайды. Яғни бұл бапкерлер қазақ футболының қыр-сырын бір кісідей білетін-ді.
Бұдан Қазақстан құрамасына шетелдік бапкердің пайдасы шамалы екенін байқаймыз. Ұлттық құрамаға отандық не жергілікті футболдан хабары бар шетелдік бапкерді тағайындау дұрыс болатын сияқты. Ал, жанкүйерлерге салса, дәл қазір үздік нәтиже көрсетіп жүрген Талғат Байсуфиновтың қызметіндегі «міндетін атқарушы» деген жалғауды алып тастауды ұсынар еді.
