Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-тан келген өкілдер — арнайы уәкіл Стивен Уиткофф пен Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнермен келіссөздерге кірісті. Кездесудің басты тақырыбы — Украинадағы дағдарысты реттеу жолдары мен Вашингтон ұсынған бейбіт бастамалар, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Кремль таратқан ақпаратқа сәйкес, келіссөздерге нақты уақыт шектеуі қойылмаған — тараптар қажетті уақыт көлемінде сөйлесетін болады. Кездесуде Киев пен Вашингтон арасында бұрын талқыланған келісімдер егжей-тегжейлі қаралады деп күтілуде.
АҚШ бұған дейін 28 тармақтан тұратын бейбіт жоспар ұсынған болатын. Алайда бұл құжат Украина мен Еуропа елдерінің наразылығын тудырды, олар бірнеше маңызды түзету енгізуге тырысты. 23 қарашада Женевада АҚШ пен Украина арасында консультациялар өтті. Осыдан кейін Дональд Трамп бастаманың Мәскеу мен Киевтің ескертпелерін ескере отырып қайта қаралғанын және оның тармақтары 22-ге дейін қысқартылғанын мәлімдеді. Бірқатар мәселелер әлі де келісілмеген күйде қалып отыр.
