Бүгінде Қазақстанда ағза ауыстыруға мұқтаж 4 мыңнан астам адам бар. Кезегін күткендер арасында жыл сайын 300 адам өмірден өтеді. Мамандардың пікірінше, мәйіттік трансплантацияны дамыту – өзгенің өмірін сақтайтын қадам. Алайда қоғамдағы стереотиптер, сенімсіздік пен ақпарат жетіспеушілігі оны тежеп отыр.
Статистика бойынша Қазақстанда ағза ауыстыруға мұқтаж 4 521 азамат бар, оның 106-сы – балалар. Азаматтардың басым көпшілігіне бүйрек трансплантациясы қажет
– Донорлар мен реципиенттер есепке алынып, деректер базасы тұрақты жаңартылады. Бізде есепке алу медициналық ақпараттық жүйесі қалыптасқан, барлық дерек электронды форматта қолжетімді. Бұл өңірлердегі дәрігерлердің жедел әрекет етуіне сеп. Соңғы 12 жылда елде шамамен 3200-ден астам ағза ауыстыру отасы жасалды. Бірақ олардың көбі тірі донорлардың есебінен жүзеге асты, – дейді Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық директорының орынбасары Назгүл Жылгелдина.
Маман әр ағзаның ишемия мерзімін атап өтті.
– Мысалы, жүрек пен бауыр 4-5 сағат ішінде, бүйрек 8-10 сағат ішінде алынуы тиіс. Уақыт тығыз, әр сағат, әр минут есептеулі. Донорлық процесс кезінде медициналық авиация, ең тиімді құрал-жабдық пен техника қолданылады. Процесс басталғанда 50-70 маман қатысады және тиімді ұйымдастыру трансплантация координаторының жұмысына тікелей байланысты, – деп түсіндірді ол.
Бірнеше жыл бұрын e-gov порталында қайтыс болғаннан кейінгі ағза донорлығына келісім беру жүйесі енгізілді.
