Кейінгі уақытта қылмыстық хроникаларды оқу қорқынышты түске айналып барады. «Атып кетіпті», «пышақтап кетіпті» деген суық хабарлар күнделікті ақпарат тасқынының бір бөлшегі болып барады. Ең сорақысы – мұндай ақпараттарға көз-құлағымыздың үйреніп, жүрегіміздің мұздап бара жатқаны. Біз мәселенің шешімін тек сыртқы факторлардан: заңды қатайтудан, айыппұлды өсіруден немесе әр бағанаға камера іліп қоюдан іздеп жүрміз. Бірақ, тәжірибе көрсеткендей, темірдей тәртіп адамның қолын байлағанымен, пиғылын өзгерте алмайды. Проблема сыртқы бақылауда емес, ішкі тежегіште екенін ұмытып бара жатқандаймыз.
Мың жерден заңды қатайтқанымызбен, адамның ішіндегі «ар-ұждан күзетшісі» ұйықтап жатса, ол бәрібір заңды айналып өтудің жолын табады. Камера жоқ жерді аңдиды, куәгер жоқ сәтті күтеді. Кез келген камераның «көрмейтін» тұсы болады. Кез келген заңның айналып өтетін саңылауы табылады. Қатыгездік, адамға қол көтеру, бір сәттік ашумен адам өмірін қию – руханияттың әлсірегенінің айқын көрінісі.
Әрбір «пышақтап кетіпті» деген суық хабардың артында – үміті үзілген ана, жетім қалған бала, шаңырағы ортасына түскен отбасы тұр. Біз мың жерден камера қойғанымызбен, сол камералар ертең сіздің балаңызды көшедегі кездейсоқ агрессиядан сақтап қала ала ма? Егер айналамыздағы адамдардың ішіндегі «адам» өлсе, оны ешқандай «темір күзетші» тоқтата алмайды
Адамның ішкі рухани әлемі бос болса, ол жерді агрессия, қатыгездік пен қараңғылық басатынын бізге дейін де талай философтар айтқан. Біз баланы «басқадан озсын», «бай болсын», «қызметі жоғары болсын» деп тәрбиелейміз де, «мейірімді болсын», «обал-сауапты түсінсін» дегенді екінші планға ысырып қойдық. Нәтижесінде – техникасы дамыған, бірақ этикасы ақсаған қоғамға айналып барамыз. Шәкәрім атамыздың «Үш анығында» айтылғандай, «жанның екі өмірде де азығы – ұждан, осыған нанған адамның жүрегін еш нәрсе қарайта алмайды».
Әлеуметтанушылардың зерттеуінше, кітапты көп оқитын елдерде қылмыс көрсеткіші басқа елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен болады екен. Мәселен, әлемдегі ең оқымысты ел Жапонияда бір адам жылына 25 кітап оқып тауысады. Нәтижесі көзге ұрып тұр. Қылмыс көрсеткішінің төмендігі бойынша бүгінде Жапонияның алдына түсетін мемлекет жоқ.
Енді көп оқыған елдерде неге қылмыс аз дегенге келейік. Себебі кітап оқитын адам өзгелердің тағдырына жанашырлықпен қарауды (эмпатия) үйренеді. Әр істің соңын, себеп-салдарын саралай алады, ішкі мәдениеті мен парасаты жоғары болғандықтан, кикілжіңді күшпен емес, ақылмен, сөзбен шешеді.
Қолына кітап ұстаған бала – қолына «суық қару» алмайды. Кітаптың әр парағын ашқан сайын адамның көкірек көзі ашылады. Біз бүгін кітапханалардың есігін ашпасақ, ертең түрмелердің есігі ашық тұратын болады. Кіре бересің. Бүгін оянбасақ, ертең «пышақтап кетіпті» деген хабар кезекті ауа райы болжамы сияқты қалыпты дүниеге айналады. Бұл мәселенің ең қауіпті тұсы да осында жатыр.
Мемлекеттің болашағы полиция санымен емес, кітапханаға баратын жастардың санымен өлшенуі тиіс. Мың жерден заңды қатайт, екі мың жерден камера қой – егер адамның ішіндегі «ар-ұждан күзетшісі» оянбаса, бәрі бекер. Қоғамды түзейтін – темір камералар емес, терең руханият. Адамның жүрегіне рухани сәуле түскенде ғана, көшелеріміз қауіпсіз, болашағымыз жарқын болады.
