Ауыл – ұлттық руханиятымыздың бесігі ғана емес, ел экономикасының, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етудің басты қайнар көзі. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан ауылдық аймақтарды дамытуға, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеруге және өңірлердегі шағын кәсіпкерлікті жандандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасының орны ерекше. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауларында бұл жобаның стратегиялық маңызын атап өтіп, ауыл халықының табысын арттырудың, жұмыссыздықты азайтудың және еңбекке қабілетті азаматтарды өнімді еңбекке тартудың ең тиімді құралы екенін айқындап берген болатын.
«Ауыл аманаты» жобасының басты артықшылығы – ауыл тұрғындарына жылдық 2,5 пайыздық жеңілдетілген микрокредит беріп, өз ісін ашуға немесе бар кәсібін кеңейтуге мүмкіндік жасауында. Бұл бағдарлама әсіресе Түркістан облысы, оның ішінде ежелден кәсіпке икемді, еңбекқор халқы бар Отырар ауданында жоғары қарқынмен жүзеге асуда. Ауданда мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп, өз кәсібін жаңа деңгейге көтеріп отырған азаматтардың қатары күн санап артып келеді.
Осындай жемісті жобаның жарқын үлгісі – Отырар ауданы, Балтакөл ауылдық округіне қарасты Балтакөл ауылында орналасқан «Алға Бам» шаруа қожалығы. Аталған шаруашылықтың жетекшісі Досжанов Сабыржан мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 20 000 000 теңге көлемінде жеңілдетілген несие қаражатына қол жеткізді.
Сабыржан бұл қаржыны босқа жаратпай, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын дамытуға бағыттады. Несие қаражаты есебінен ол өз кәсібін одан әрі кеңейтіп, тары өңдеу цехына қажетті ең соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтарды сатып алды. Бұрын аймақта шикізатты сыртқа арзан бағада сату басым болса, енді осы өндіріс ошағының арқасында отандық табиғи өнімді терең өңдеу жүзеге асырылып отыр.
Бүгінгі таңда «Алға Бам» шаруа қожалығының тары өңдеу цехында ұлттық тағамдарымыздың төресі саналатын жоғары сапалы тары мен талқан өнімдері шығарылады. Экологиялық таза, ешқандай химиялық қоспасыз өндірілетін бұл өнімдер аудан аумағында ғана емес, облыс орталығы мен көршілес аймақтардың нарығында да үлкен сұранысқа ие. Бұл өз кезегінде Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін терең қайта өңдеу және ішкі нарықты отандық азық-түлікпен қамтамасыз ету туралы тапсырмасына қосылған нақты үлес болып табылады.
Мемлекеттік бағдарламаның көмегімен ісін өрге домалатқан мұндай жергілікті кәсіпкерлер ауылда жаңа жұмыс орындарын құрып, жергілікті бюджетке салық түсіріп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге орасан зор септігін тигізеді. Балтакөл ауылындағы «Алға Бам» шаруа қожалығының бұл жетістігі – «Ауыл аманаты» жобасының ауыл тұрғындары үшін қаншалықты тиімді әрі қолжетімді екенін дәлелдейтін айқын мысал.
Отырар ауданында «Ауыл аманаты» жобасын насихаттау және оған тұрғындарды белсенді түрде тарту жұмыстары мұнымен тоқтамайды. Мемлекет беретін мұндай мүмкіндіктер ауылдағы әрбір еңбекке ынталы азаматқа жаңа серпін беріп, Отырар өңірінің дамып, гүлденуіне жол ашады.