Түркістан облысында білім беру саласын дамыту мен ауыл мектептерінің деңгейін көтеру бағытында өте маңызды әрі тарихи шешім қабылданды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров бейнебайланыс режимінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесінің кезекті отырысына қатысты. Алқалы жиын барысында аймақ үшін стратегиялық мәні зор «Түркістан облысының мектептеріне «Білім-Инновация» лицейлерінің тәжірибесін енгізу» атты жаңа қайырымдылық жобасы жан-жақты қаралып, кеңес мүшелері тарапынан толық қолдау тапты. Басқосуда «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Бану Нұрғазиева мен қордың басқарма төрағасы Ләззат Чинкисбаева бұл бастаманың өскелең ұрпақ үшін маңызына ерекше тоқталып, оны жоғары сапа деңгейінде жүзеге асыру қажеттігін баса айтты.
Өңір басшысы Нұралхан Көшеров бұл ауқымды жобаның демографиялық өсімі жоғары және балалар саны бойынша елімізде көш бастап тұрған Түркістан облысы үшін маңызы өлшеусіз екенін атап өтті. Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоры алғашқы күннен бастап еліміздегі шынайы қамқорлықтың, әлеуметтік жанашырлық пен мызғымас халықтық бірліктің символына айналғанын жеткізді. Оның сөзінше, қор тарапынан Түркістан облысына осы уақытқа дейін де нақты әрі жүйелі көмектер беріліп келеді. Нақтырақ айтсақ, 2022 жылдан бері өңірде жалпы сомасы 12 млрд теңгеден астам қаражатқа түрлі қайырымдылық жобалары сәтті орындалды. Бұл қомақты қаржының 5,3 млрд теңгесі білім беру саласына, 5,2 млрд теңгесі денсаулық сақтау жүйесіне, 547 млн теңгесі әлеуметтік қорғауға, ал 994 млн теңгесі спорт пен мәдениет салаларын қолдауға бағытталған. Оның ішінде білім саласы бойынша ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін арттыру, арнайы білім беру ұйымдарын заманауи құралдармен жабдықтау және мұқтаж жастарға білім гранттарын үлестіру сияқты бес ірі жоба сәтті аяқталып, мыңдаған түркістандық бүлдіршіннің сапалы білім алуына тікелей септігін тигізді.
Бүгінгі талқыланған «Білім-Инновация» лицейлерінің озық тәжірибесін енгізу жобасы облыстағы білім теңсіздігін жоюдың бірегей тетігі болмақ. Қазіргі таңда Түркістан облысындағы 1106 мектептің 82 пайызы, яғни 906 білім ошағы дәл осы ауылдық жерлерде орналасқан. Халықаралық беделді PISA зерттеулерінің қорытындысы да қала мен ауыл мектептерінің арасында, әсіресе жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша айтарлықтай білім алшақтығы бар екенін көрсетіп отыр. Осы олқылықтың орнын толтыру және ауыл балаларына тең мүмкіндіктер жасау мақсатында қор тарапынан облыстың 100 ауылдық мектебін ең заманауи физика, химия және биология кабинеттерімен толық жабдықтауға 5,1 млрд теңге көлемінде қаржы бөлу жоспарланып отыр. Облыс әкімі бұл қаржының әрбір теңгесінің мақсатты әрі тиімді жұмсалуы мен мектептердегі білім сапасының артуы әкімдіктің тікелей және қатаң бақылауында болатынын, бұл шешім мыңдаған баланың жарқын болашағына жол ашатын үлкен инвестиция екенін баса айтты.
Жиынға қатысушылар бұл бастама ауылдық мектептердің материалдық-техниқалық базасын түбегейлі жаңартып, оқушылардың күрделі жаратылыстану пәндерін теориялық қана емес, тәжірибелік тұрғыда терең меңгеруіне зор мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Қамқоршылық кеңесінің мүшелері бұл қадамның өңірдегі жалпы білім беру деңгейін көтеріп, ауыл мен қала арасындағы алшақтықты азайтуға тигізер ықпалы зор болатынын мақұлдады. Өз кезегінде Түркістан облысының әкімдігі де бұл жобаның сәтті орындалуы үшін нақты істерді бастап кетті. Жобаны біржақты қалдырмай, жергілікті бюджет есебінен аталған 100 мектептің ағымдағы жөндеу жұмыстарына және 4600 педагог пен мектеп басшыларының біліктілігін арттырып, жаңа форматта оқытуға тиісті қаржы толық бөлінді. Сонымен қатар, «Білім-Инновация» халықаралық қорымен жасалған келісім аясында үш жыл бойы ауыл мұғалімдеріне әдістемелік және менторлық тұрақты қолдау көрсетіліп, озық білім беру стандарттары жүйелі түрде енгізілетін болады.
