Түркістан облысында аймақ тұрғындарын тұрақты және нәтижелі жұмыспен қамту, әлеуметтік тұрақтылықты нығайту бағытындағы кешенді шаралар жалғасып жатыр. Өңірдегі жұмыспен қамту жоспарының орындалу барысы мен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу деңгейі Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің қатысуымен өткен арнайы жиында кезекті рет жан-жақты сараланды. Басқосуда бұған дейін жауапты тұлғаларға жүктелген тапсырмалардың орындалу жағдайы тексеріліп, өңірлік Еңбек картасының негізгі көрсеткіштері мен индикаторлары ортаға салынды.
Бекітілген өңірлік жұмыспен қамту картасына сәйкес, ағымдағы жылдың алғашқы 6 айында облыс бойынша жалпы саны 46 779 жаңа жұмыс орны ашылуы тиіс болатын. Облыстық тиісті басқарманың ұсынған ресми есебіне сүйенсек, қазіргі таңда аймақта нақты 43 673 жаңа жұмыс орны құрылып, межелі жоспар негізінен орындалған. Десе де, бұл бағыттағы жұмыстардың қарқыны барлық ауданда бірдей емес. Мәселен, Сарыағаш, Отырар, Төлеби және Шардара аудандарының көрсеткіштері әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Сонымен қатар, Мансап орталықтары ұсынған бос жұмыс орындарына азаматтарды орналастыру үлесі Бәйдібек, Сарыағаш аудандары мен Кентау қаласында көңіл көншітпейді. Жоспардан артта қалған бұл аймақтарда жұмыссыздық мәселесін шешуге бағытталған шараларды шұғыл арада күшейту қажеттігі туындап отыр.
Оң көрсеткіштерге тоқталатын болсақ, еліміздегі Ұлттық жобалар және басқа да мемлекеттік тұжырымдамалар аясында халықты жұмысқа орналастыру бағытында айтарлықтай ілгерілеушілік бар. Бастапқы жоспар бойынша 6 ай ішінде 151 ірі жобаға 917 азаматты еңбекке тарту көзделген болатын. Ал іс жүзінде атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бүгінгі таңда 183 маңызды жоба қамтылып, оларда 1666 жаңа жұмыс орны қалыптасты. Бұл бекітілген меженің едәуір артығымен орындалғанын көрсетеді. Мұнымен қоса, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы еңбек шарттарын электронды жүйеде тіркеу процесі Сауран ауданында толықтай және сапалы аяқталды. Алайда, бұл бағытта Бәйдібек, Келес, Сайрам аудандары мен Түркістан, Арыс, Кентау қалаларының жауапты мамандарына селқостық танытпай, жұмысты барынша ширату және тіркеу процесін жеделдету қажеттігі қатаң ескертілді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков аудан және қала әкімдерінің орынбасарларына өз аймақтарында жұмыспен қамту саясатын ширатуды және еңбек қатынастарының заңдылығын, яғни азаматтардың еңбек құқықтарының бұзылмауын қамтамасыз етуді шегелеп тапсырды. Өңір басшылығы жоспардың орындалмай қалу қаупі бар бағыттары бойынша жергілікті шенеуніктердің шарасыздық танытуына жол берілмейтінін, кез келген қиындықтан шығудың тиімді жолдарын қарастыру керектігін ескертті. «Бекітілген жоспардың толық әрі сапалы орындалуы — басты шарт» деп қадап айтқан Нұрбол Тұрашбеков жауапкершілікті күшейтуді талап етті.
Облыс әкімі орынбасарының тікелей тапсырмасына сәйкес, Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан барлық аудан-қалалардағы Мансап орталықтарының іс-әрекетіне кешенді зерделеу жұмыстары жүргізілді. Жақын күндері қорытындыланатын алғашқы жартыжылдықтың нақты нәтижелері мен бекітілген межелердің орындалу деңгейі әрбір Мансап орталығы басшысының кәсіби біліктілігі мен атқарған жұмысына берілетін басты баға, яғни үлкен сын сағаты болмақ.
Символ 2954
