Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «ForteBank» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Қуанышевпен және банктің Түркістан қаласы филиалының директоры Зәмзагүл Азатовамен арнайы кездесу өткізді. Екіжақты жүздесудің басты тақырыбы — өңірдегі қаржылық инфрақұрылымды заман талабына сай дамыту және Түркістан қаласында банк филиалының жаңа, еңселі ғимаратын салу мәселесі болды.
Өңір басшысы Нұралхан Көшеров Түркістанның тек түркі әлемінің мәдени әрі рухани астанасы ғана емес, сонымен бірге оңтүстік өңірдегі ірі іскерлік пен инвестициялық хаб ретінде де қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өтті. Осы ретте облыс әкімдігі инвесторлар мен қаржы институттарының кез келген тиімді бастамасына қолдау білдіруге дайын екенін жеткізді.
«Бүгінде Түркістан қаласының экономикалық әлеуеті жыл санап артып, мұндағы іскерлік белсенділік жоғары деңгейге көтерілді. Осы орайда, жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлерге көрсетілетін қаржылық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру — басты міндеттердің бірі. Біз өңір экономикасына инвестиция құйып, заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға ниетті кәсіпкерлердің бастамаларын әрқашан қолдаймыз. Жаңа ғимарат шаһардың сәулеттік стиліне толық үйлесіп, халыққа жайлы қызмет көрсету орталығына айналады деп сенемін», – деді облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы.
Жобаның алдын ала жоспарына сәйкес, жаңа нысан 2 немесе 3 қабатты заманауи кешен түрінде бой көтереді. Сәулеттік шешімінде озық технологиялар мен қаланың тарихи келбеті ескерілмек. Сондай-ақ, тұрғындар мен банк клиенттеріне барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында ғимарат маңында кең әрі қауіпсіз автотұрақ қарастырылады.
Банк басшылығы құрылыс жұмыстарын жақын арада бастауға толық дайын екендігін және нысанды небәрі 7-8 ай көлемінде пайдалануға беруді жоспарлап отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, ForteBank тек облыс орталығымен шектеліп қалмай, алдағы уақытта өңірдің басқа да ірі аудандарында өз филиалдары мен бөлімшелерін ашуды көздеп отыр. Банк өкілдері облыс басшылығына көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтып, жаңа нысан құрылысының сапалы әрі белгіленген мерзімде жүргізілетініне кепілдік берді.
